2024 жылдың 11 қыркүйегі күні Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Гидрометеорология жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің (ТМД ГМК) 35-ші сессиясы өтті. Биыл ол Тәжікстанның Душанбе қаласында офлайн форматта ұйымдастырылды. Кездесуге ТМД елдерінің ұлттық гидрометеорологиялық қызметі басшылары мен ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты.
Еліміздің атынан аталмыш кеңесте Қазақстанның ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің бас директоры Данара Әлімбаева өкілдік етті. Ол өз сөзінде «Қазгидромет» РМК қызметінің негізгі бағыттарына және жерүсті бақылау желісін дамыту жоспарларына қысқаша тоқталды.
«Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде «Қазгидромет» РМК 2030 жылға дейін 42 жаңа гидрологиялық бекет ашуды жоспарлап отыр. Бұл бекеттерді мониторингпен қамтылмаған өзен бассейндерінің су тасқыны қаупі бар учаскелерге орналастыру жоспарлануда», - деп атап өтті Д.Әлімбаева.
Сессияның қорытындысы бойынша оған қатысушы ТМД мемлекеттік ұлттық гидрометеорологиялық қызметтерінің таяу перспективадағы (2024-2025 жылдар) өзара іс-қимылы айқындалатын шешімдер қабылданды және бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.