Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Гидрометеорология жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің (ТМД ГМК) 35-ші сессиясы кезінде Қазақстан мен Тәжікстанның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтері (ҰГМҚ) жаңартылған Ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.
Қол қойылған құжат – Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен Тәжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Қоршаған ортаны қорғау комитетінің Гидрометеорология агенттігі арасындағы 2025-2028 жылдарға арналған гидрометеорологиялық ақпарат алмасу саласындағы қызмет туралы уағдаластық болып табылады.
Қазақстан және Тәжікстан тараптары Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) бағдарламалары және Қоршаған орта жөніндегі БҰҰ бағдарламасы (ЮНЕП) бойынша өңірлік жобалар шеңберінде орындалатын, климаттың өзгеруіне байланысты проблемалар саласындағы міндеттер мен жобаларға қатысты өзара консультациялар өткізу туралы уағдаласты.
Ынтымақтастық бағдарламасының негізгі тармақтары - атмосфералық ауа мен жерүсті суларының жай-күйі туралы мәлімет жинау, оны өңдеу, талдау және бағалау кезінде қолданылатын әдістемелік тәсілдер, сондай-ақ атмосфералық ауа мен жерүсті суларының сапа көрсеткіштерін есептеу алгоритмдері туралы ақпарат алмасу болды.