2024 жылдың 31 қазаны күні Солтүстік Еуразиялық климаттық орталық Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Солтүстік Еуразиялық климаттық форумның (СЕАКОФ-27) 27-ші сессиясын өткізді. Аталмыш сессия
VIII Бүкілресейлік біріккен метеорологиялық және гидрологиялық съезбен қатар ұйымдастырылған іс-шара болды.
СЕАКОФ-27 форумы барысында Солтүстік Еуразия аумағындағы климаттық өзгерістердің бағалауы, 2024 жылдың жазғы маусымындағы циркуляцияның негізгі ерекшеліктерінің талдауы және 2024-2025 жылдардың қыс мерзімінде болатын температура мен жауын-шашынның консенсустық болжамының жобасы ұсынылды.
СЕАКОФ-27 форумы арнайы бағдарламасы экономиканың әртүрлі салаларының табиғи апаттардан болатын қауіп-қатерін азайтуға бағытталған БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының қолдауымен өткізілген семинармен бір уақытта ұйымдастырылды. Сессия барысында алғаш рет Орталық Азия өңірін (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан) қоса алғанда, Солтүстік Еуразия өңірі үшін климаттық аномалияның ауыл шаруашылығына және су ресурстарына ықтимал әсері бойынша эксперименттік бағалау ұсынылды.
Қазақстан тарапынан "Қазгидромет" РМК Ұзақ мерзімді ауа райы болжамдары басқармасының басшысы Жұлдыз Исабекова «2024 жылғы жазғы маусымның климаттық мониторингі және Қазақстан аумағы үшін 2024-2025 жылдардың қысқы маусымына арналған болжамдарға шолу» атты баяндама жасады. Баяндамада біздің аймағымызға жүргізілген аналитикалық зерттеулердің нәтижелері қорытылып, климаттық тәуекелдер мен болжау ерекшеліктері баяндалды.