«Қазгидромет» РМК-ға ресми сапармен Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның Президенті д-р Абдулла Ахмед Аль-Мандус келді

IconЖарияланды 03.10.2025

Қазақстан Республикасының Ұлттық гидрометеорологиялық қызметіне ресми сапармен Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) Президенті д-р Абдулла Ахмед Аль-Мандус ресми делегациясымен бірге келді.

Қонақтар ҰГМС-тың негізгі қызмет бағыттарымен танысты – бақылау жүйелерінен бастап әртүрлі болжам түрлерін әзірлеуге дейін: синоптикалық, гидрологиялық, агрометеорологиялық, сондай-ақ халық пен мемлекеттік органдарға арналған қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) туралы болжамдар.

Арнайы қызығушылықты экологиялық мониторинг зертханасы мен «Қазгидромет» мұражайы тудырды. Мұражайда Қазақстандағы метеорологиялық қызметтің қалыптасу тарихын бейнелейтін бірегей экспонаттар ұсынылған.

Сапар аясында екіжақты кездесу өткізіліп, онда мына мәселелер талқыланды:

Қазақстанның ДМҰ-ның «Баршаға арналған ерте ескерту» атты жаһандық бастамасын іске асыруға қатысуы және ұлттық ескерту жүйесін дамыту;

ҰГМС-тың Жедел дамитын су тасқындарын болжау жүйесінің (CarFFGS) өңірлік орталығы ретіндегі рөлі;

ҰГМС-тың HydroSOS бастамасына белсенді қатысуы, оның аясында ұзақ мерзімді гидрологиялық болжау әдістемесін әзірлеу ұсынылды. Әсіресе, Қызмет гидрологиялық болжамдардың әдістемелерін жетілдіру бойынша мақсатты жұмыстарды жалғастыратыны, олардың дәлдігі мен практикалық қолданылуын арттыратыны ерекше атап өтілді;

Қазақстанда ДМҰ-ның Интеграцияланған өңдеу және болжау жүйесінің орталығын (WIPPS) құру жоспары;

ҰГМС-тың ДМҰ-ның климаттық деректер жөніндегі сарапшылар тобының жұмысына қосқан үлесі және климаттық ақпаратпен алмасу саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.

Сонымен қатар, БАӘ-нің Ұлттық метеорологиялық қызметімен бірлескен жобалардың перспективаларына ерекше көңіл бөлінді. Олардың ішінде мамандарды оқыту, бұлттық процестерге белсенді ықпал ету бойынша зерттеулер жүргізу, ынтымақтастық туралы Меморандум аясында шаңды дауылдарды зерттеу бар.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі нығайтудың маңыздылығын растады және Қазақстанның метеорология, гидрология және климатология саласында өңірлік әрі халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы жетекші рөлін атап өтті.

ДМҰ Президенті д-р Абдулла Ахмед Аль-Мандус ҰГМС-тың кәсіби деңгейін жоғары бағалап, Қазақстанның Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым аясындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз