Ақмола облысында Жабай өзенінің бассейніне қосымша тексеру жүргізілді

IconЖарияланды 27.01.2026

«Қазгидромет» РМК-нің Ақмола облысы бойынша филиалы Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп 2026 жылғы 19–23 қаңтар аралығында Жабай өзені бассейніне қосымша маршруттық зерттеу жүргізді.

Зерттеу маршруты өзеннің жанама салаларында орналасқан 16 нүктені қамтып, облыстың үш ауданын қамтыды:
Зеренді ауданы (Красиловка, Айдабол ауылдары),
Сандықтау ауданы (Сандықтау ауылы, Петровка ауылы — 2 нүкте, Каменка ауылы, Мәденитет ауылы — 2 нүкте, Спасское, Хлебное, Весёлое, Лесное ауылдары),
Атбасар ауданы (Покровка, Пригородное, Пролетарка, Шуйское ауылдары).

Қар өлшеу маршруттары жер бедерінің әртүрлі түрлерінде — ашық алқаптарда, орман алқаптарында және жыра-сайлы аумақтарда жүргізілді. 19–23 қаңтар аралығында үш далалық қар өлшеу жұмыстары (Красиловка, Петровка, Мәденитет ауылдарында), екі ормандық қар өлшеу жұмыстары (Айдабол және Петровка ауылдарында), сондай-ақ екі жыра-сайлы қар өлшеу жұмыстары (Каменка және Мәденитет ауылдарында) атқарылды.

Зерттеу нәтижелері бойынша далалық маршруттарда қар жамылғысының биіктігі 9–40 см аралығында, орман алқаптарында 23–60 см, жыра-сайларда 10–24 см аралығында екені анықталды. Аталған көрсеткіштер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда орта есеппен 48%-ға төмен. Қардағы орташа су қоры да төмендеп, өткен жылғы мәндерден 58%-ға аз болды.

Алынған деректер су шаруашылығы жағдайын бағалау және көктемгі су тасқынын болжау үшін қолданылады.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз