Солтүстік Қазақстан облысында қар түсірілім жұмыстары жүргізілуде

IconЖарияланды 27.01.2026

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Қазгидромет» РМК филиалы қар жамылғысының биіктігін, қардағы су қорын және қардың тығыздығын бағалау мақсатында жоспарлы қар түсірілім жұмыстарын жүргізуде.

Облыс аумағында ұзындығы 1000 метрден 2000 метрге дейінгі 31 далалық қар өлшеу маршруты жұмыс істейді. Аталған маршруттар шеңберінде мамандар көктемгі су тасқынының қалыптасуына әсер ететін қар жамылғысының негізгі параметрлерін анықтайды.

Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап «Қазгидромет» РМК филиалының мамандары Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, қар жамылғысындағы есепке алынбаған ылғал қорларын анықтау мақсатында сайлар, жыралар және өзен арналары бойынша маршруттық қар өлшеу тексерулерін жүргізіп келеді. Мұндай маршруттық тексерулердің жалпы ұзындығы 1200 км құрайды.

Алдын ала талдау нәтижелері бойынша облыстың үш ауданы — Есіл ауданы, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан және Айыртау ауданы аумағында орналасқан Есіл өзенінің су жиналу алабында 7 бақылау нүктесі таңдап алынды.

2026 жылғы 26–30 қаңтар аралығында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиал мамандары облыстық ТЖД-мен бірлесіп қар өлшеу тексерулерін жүргізуде.

Қазіргі уақытта тексерулер екі нүктеде жүргізілді:

Мальцево сайы (Есіл ауданы): қар жамылғысындағы су қоры 52 мм құрады, бұл 2025 жылғы көрсеткіштен 33%, ал 2024 жылғы мәндерден 47% төмен.

Муккыр өзені (Ғабит Мүсірепов атындағы аудан): қар жамылғысындағы су қоры 26 мм, бұл 2025 жылғы көрсеткіштерге сәйкес, алайда 2024 жылмен салыстырғанда 55% төмен.

Алынған деректер Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы гидрологиялық жағдайды бағалау және көктемгі су тасқыны қаупін болжау үшін қолданылады.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз