«Қазгидромет» РМК-ның Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша филиалы Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, қар жамылғысын мониторингілеу және гидрологиялық жағдайды бағалау мақсатында қар түсірілім жұмыстарын жүргізді.
Бірлескен қар түсірілімдері елді мекендерге жақын орналасқан, Бұқтырма, Нарын, Күршім, Қалжыр, Қара-Қаба, Қара Ертіс, Қандысу, Лайлы және Тайынты өзендерінің алаптарындағы 20 қарөлшеу алаңында жүзеге асырылды. Жұмыстар Шығыс Қазақстан облысының жеті ауданын қамтыды:
Алтай ауданы — 4 алаң,
Үлкен Нарын ауданы — 3 алаң,
Күршім ауданы — 1 алаң,
Марқакөл ауданы — 4 алаң,
Зайсан ауданы — 3 алаң,
Тарбағатай ауданы — 2 алаң,
Самар ауданы — 2 алаң.
Қарөлшеу алаңдары Өскемен қаласы – Алтай қаласы – Үлкен Нарын ауылы – Күршім ауылы – Марқакөл ауылы – Зайсан қаласы – Ақжар ауылы – Көкпекті ауылы – Самарское ауылы – Өскемен қаласы автомобиль жолы бойында орналасқан. Бұл өңірдің негізгі су жинау аумақтарын қамтуға мүмкіндік берді.
Жүргізілген қар түсірілімдерінің нәтижелері бойынша қазіргі уақытта қар жамылғысының қалыңдығы 9-дан 80 см-ге дейін ауытқып отыр.
Облыстың солтүстік бөлігінде қар қалыңдығы өткен жылдың көрсеткіштерінен 30–33% төмен, ал орталық және оңтүстік аудандарда өткен жылмен салыстырғанда шамамен 5% төмен.
Қалба жотасында (Самар ауданы) қар қоры өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55%-ға төмен болып тіркелді.
Қар жамылғысындағы судың орташа қоры облыстың солтүстігінде өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға азайған. Орталық және оңтүстік аудандарда бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейде сақталған. Ал Қалба жотасында (Самар ауданы) қардағы су қоры өткен жылмен салыстырғанда екі есе аз.
Алынған деректер «Қазгидромет» мамандары тарапынан ағымдағы гидрологиялық жағдайды бағалау және көктемгі су тасқынына болжам жасау үшін пайдаланылуда.