«Қазгидромет» РМК Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарын 2026 жылы көктемгі су тасқынының төмен қауіп аймағына жатқызды. Алдын ала гидрологиялық болжамға сәйкес, аталған өңірлерде су тасқынының жағдайы көпжылдық орташа мәндер шегінде сақталады, кейбір аудандарда жергілікті жерлерді су басу мүмкіндігі бар.
Болжам көпжылдық гидрометеорологиялық бақылауларды, топырақтың күзгі ылғалдану деңгейін, оның қатып қалу тереңдігін, қар қорының көлемін, өзендердегі мұз жағдайын және көктемгі кезеңдегі күтілетін температуралық жағдайларды ескере отырып дайындалды.
Атырау облысында көктемгі су тасқыны орташа деңгейде күтіледі, ал Жылыой (Эмба өзені) және Қызылқоға (Сағыз өзені) аудандары төмен қауіп аймағына жатады. Жамбыл облысында Жуалы, Жамбыл және Мерке аудандары орташа қауіп аймағына жатқызылса, облыстың қалған аудандары төмен қауіп аймағына кіреді.
Қызылорда облысында су тасқыны қаупі көбінесе минималды, тек Жалағаш ауданында жоғары қауіп байқалады. Орташа қауіп аудандары қатарында Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Қармақшы, Қазалы аудандары мен Қызылорда қаласы бар.
Маңғыстау облысында беткі ағын қалыптаспағандықтан, көктемгі су тасқынының қауіпі минималды болып бағаланады. Локалды жергілікті су басу тек қар еріген кезде жауын-шашынның көп түсуі жағдайында мүмкін.
«Қазгидромет» РМК болжам алдын ала екенін және синоптикалық және гидрологиялық жағдай дамуына байланысты нақтылайтынын атап өтті. Қажет болған жағдайда тұрғындар мен мүдделі қызметтерді су тасқыны жағдайының өзгеруі туралы жедел хабардар ету ұйымдастырылады.