ТЖ министрлігінде еліміздегі су тасқыны жағдайы бойынша брифинг өткізді

IconЖарияланды 27.03.2026

27 наурыз күні ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында Қазақстандағы су тасқыны жағдайына арналған брифинг өтті. Спикер ретінде ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Асет Жылқайдаров сөз сөйледі. Брифингке сондай-ақ «Қазгидромет» РМК гидрология департаментінің директоры Нұрғалым Серікбай және Су ресурстары министрлігінің өкілі Ерлан Жұмабаев қатысты.

Қазіргі таңда су тасқынына қарсы іс-шаралардың шамамен 92%-ы орындалды. Наурыз айының басынан бастап жағдайды тәулік бойы бақылап, барлық қызметтердің жұмысын үйлестіретін жедел штаб жұмыс істеуде. Өңірлерде қорғаныс дамбалары нығайтылып, өзен арналары тазартылып, дренаж жүйелері ретке келтірілді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде елді мекендердің қорғалу деңгейі арттырылып, су басу қаупі едәуір төмендетілді. Қазіргі уақытта оңтүстік өңірлерде су тасқынының белсенді кезеңі бәсеңдеді, ал ең жоғарғы шегі Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында байқалуда.

Су тасқыны кезеңі басталғалы бері Абай облысында бірнеше тұрғын үйді су басу фактілері тіркелген, бүгінде олардың барлығы жойылды. Автожолдарда су жайылу жағдайлары тіркеліп, олардың бір бөлігі әлі де бақылауда тұр.

Жағдай тұрақты бақылауда, соның ішінде әуе арқылы мониторинг жүргізілуде. Барлық күштер мен техника жедел әрекет етуге дайын.

«Қазгидромет» РМК апта сайын гидрологиялық болжам жасап, ақпаратты жедел түрде ТЖМ-ге және басқа да мемлекеттік органдарға жолдайды.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз