Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының Бас хатшысы Селеста Сауло Экология министрі Ерлан Нысанбаевпен кездесті

IconЖарияланды 24.04.2026

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының (ДМҰ) Бас хатшысы Селеста Сауло Қазақстанға сапары аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың қабылдауында болды.
Кездесу барысында тараптар ұлттық гидрометеорологиялық қызметті дамыту және климаттық тәуекелдердің артуы жағдайында Қазақстан мен ДМҰ арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуға, су және азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізуде гидрометеорологиялық ақпараттың шешуші рөлі атап өтілді.
БҰҰ-ның «Баршаға арналған ерте ескерту» жаһандық бастамасына ерекше назар аударылды. Қазақстан бұл бастаманы қолдайды және оны қауіпті табиғи құбылыстардан халықты қорғау жүйесінің маңызды элементі ретінде қарастырады.
Кездесу барысында бақылау желісін жаңғырту, ғылыми және кадрлық әлеуетті дамыту, сондай-ақ Қазақстанның GBON және WIGOS халықаралық деректер алмасу жүйелеріне одан әрі ықпалдасу мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, гидрометеорологиялық болжауда жасанды интеллектті пайдалану сияқты заманауи технологияларды енгізу және ДМҰ аясындағы халықаралық мамандар даярлау бағдарламаларын кеңейту перспективалары талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар гидрометеорологиялық қызметті дамытуға және климаттық сын-қатерлерге төзімділікті арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз