Орталық Азия елдерінің гидрометеорологиялық қызмет басшылары ӨЭС аясында бірлескен мәлімдемеге қол қойды

IconЖарияланды 23.04.2026

2026 жылғы 23 сәуірде Астанада Өңірлік экологиялық саммит аясында Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан ұлттық гидрометеорологиялық қызметтерінің басшылары «Баршаға арналған ерте ескерту» бастамасын іске асыру жөніндегі өңірлік бірлескен ынтымақтастық туралы мәлімдемеге қол қойды.

Бұл құжат құрғақшылық, су тасқыны және экстремалды ауа райы құбылыстары секілді күшейіп келе жатқан климаттық қауіп-қатерлер жағдайында өңірлік өзара іс-қимылды нығайтудағы маңызды қадам болды. Тараптар Орталық Азия елдерінің орнықтылығын арттыру және тиімді ерте ескерту жүйелерін дамыту үшін күш біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

Мәлімдемеде гидрометеорологиялық қауіптерді мониторингтеу, болжау және хабардар ету барысында Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның тәсілдерін қолдануға елдердің бейілділігі бекітілді. Ұлттық қызметтер арасында деректермен, технологиялармен және үздік тәжірибелермен тұрақты алмасуға ерекше назар аударылды.

Тараптар бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын да айқындады. Олардың қатарында ғылыми әлеует пен кадрлық ресурстарды дамыту, бақылау желілерін жаңғырту, болжау әдістерін жетілдіру, инновациялық технологияларды енгізу және экстремалды құбылыстар тәуекелдерін бағалау үшін жасанды интеллектіні пайдалану бар.

Шекарааралық дауылды ескертулермен алмасудың және деректерді өңірлік ерте ескерту тетіктеріне біріктірудің маңыздылығы да ерекше атап өтілді. Бұл табиғи қауіптерге ден қоюдың жеделдігін арттырып, ықтимал залалды азайтуға мүмкіндік береді.

Қол қойылған мәлімдеме Орталық Азия елдерінің Дүниежүзілік метеорологиялық ұйыммен және халықаралық серіктестермен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға, сондай-ақ өңір халқын, экономикасын және экожүйелерін қорғау үшін ерте ескерту жүйесін бірлесіп дамытуға ниетті екенін растайды.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз