Ерлан Нысанбаев «Қазгидромет» РМК қызметкерлерін ведомстволық наградалармен марапаттады

IconЖарияланды 02.06.2026

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев гидрометеорология саласының дамуына қосқан елеулі үлесі, көпжылдық адал еңбегі және жоғары кәсібилігі үшін «Қазгидромет» РМК қызметкерлерін ведомстволық наградалармен марапаттады.

«Еңбек ардагері» медалімен «Қазгидромет» РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалы Форт-Шевченко гидрометеорологиялық станциясының бастығы Бисембаева Айкүміс Орынбасарқызы марапатталды. Ол еңбек жолына 42 жылдан астам уақытын арнаса, оның 33 жылын «Қазгидромет» жүйесінде қызмет етуге жұмсаған. Осы жылдар ішінде өзін тәжірибелі, білікті маман ретінде танытып, әріптестері мен сала мамандарының құрметіне ие болды.

«Экология саласының үздігі» төсбелгісімен «Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалы Атырау метеорологиялық станциясының технигі Зевакина Ирина Александровна марапатталды. Гидрометеорология саласында 45 жылдық еңбек өтілі бар маман өз ісіне адалдығымен, жоғары жауапкершілігімен және кәсіби шеберлігімен ерекшеленіп келеді. Ол халық пен экономика салаларын сапалы әрі сенімді гидрометеорологиялық ақпаратпен қамтамасыз етуге зор үлес қосып келеді.

«Қазгидромет» РМК марапат иелерін кәсіби жетістіктерінің жоғары бағалануымен құттықтап, көпжылдық еңбегі мен мамандыққа деген адалдығы үшін алғысын білдіреді.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз