2020 жылғы тамызда Қазақстанның көптеген облыстарында ауа температурасы климаттық норма шегінде болды. Қазақстанның солтүстік бөлігінде, сондай-ақ еліміздің орталығы, шығысы мен оңтүстік-шығысындағы жекелеген аудандарда температура тамыз айында нормадан 1-3°С-қа жоғары болды. Ал еліміздің батысында және оңтүстік-батысында (Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары) кей жерлерде нормадан 1-2°С төмен болды.
Ел аумағының басым бөлігінде түскен жауын-шашын мөлшері көпжылдық мәндер шамасында өзгерді. Қазақстанның солтүстік-батысында, батысында және оңтүстігінде нормадан 1-4 есе көп жауын-шашын түсті. Мысалы, 6 тамызда бір түн ішінде Маңғыстау облысының Ақтау метеостанциясында 66 мм жауын-шашын түсті, ол айлық нормадан 11 есе асып түсті (бір айдағы норма 6 мм). Бұл көрсеткіш бақылау тарихында рекордтық болды.
Қызылорда облысында Шиелі метеостанциясында 1 тамызда 17 мм жауын-шашын түсті, айлық норма 2 мм, яғни 8 айлық норма түсті, бұл станция үшін барлық метеобақылаулар ішінде рекорд болды.
Түркістан облысының Қазығұрт метеостанциясында 26 тамызда 15 мм жауын-шашын түсті, айлық норма 4 мм, ал бұл шамамен 4 айлық норма, мұндай жағдайлар көп емес, шамамен 20 жыл бұрын 2001 жылы осы метеостанцияда 14 мм тіркелген.