Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ұйымдастыруымен Дүниежүзілік суды мониторингілеу күніне орай, «Қазгидромет» зертханасына баспасөз туры өтті. Экологиялық мониторинг департаменті мамандары Елордадағы Есіл өзенінен сынама алу процесін көрсетті. Қоршаған орта ластануының мониторингі сынақ зертханасының басшысы Ербол Оразалин зертханада оларды талдау және сапасына мониторинг жүргізу барысын түсіндірді.
«Қоршаған ортаның ластануы мониторингі зертханасы су нысандарында 42 көрсеткіш бойынша акредиттелген. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 7 су нысанында, олардағы 20 нүктеде анализ жүргіземіз. Мұндағы су арналы шекті мөлшерлі концентрацияға сәйкес келеді. Өзен-көлдерден су сынамалары айына бір рет алынып, талдау жасалады. Сәуір айында судың деңгейі көтерілетіндіктен екі рет тексеріледі. Сонда жылына бір нысанға 13 рет мониторинг жүргізіледі. Егер қандай да бір ластану фактілері тіркелсе, ол ақпаратты тиісті органдарға жібереміз. Талдау нәтижелері бойынша ай сайын бюллетень таратамыз, сайтта да ақпарат жаңарып отырады», - деді Ербол Оразалин журналистерге берген сұхбатында.
Жалпы ел аумағында жер үсті және теңіз суларының сапалық жай-күйінің мониторингі 143 су объектісінде орналасқан 424 нүктеде, оның ішінде 93 өзенде, 31 көлде, 15 су қоймасында, 3 арнада және 1 теңізде жүзеге асырылады.
«Республика бойынша бақылау 60 көрсеткіш: өлшенген заттар, ерітілген оттегі, сутегі көрсеткіші, магний, кальций, хлоридтер, сульфаттар, биогендік және органикалық заттар, ауыр металдар, пестицидтер және тағы басқалар бойынша жүргізіледі. Су сынамалары Қазгидрометтің 17 филиалында тексеріледі, барлығы ИСО МЭК 17025 халықаралық стандарты бойынша рұқсаты бар зертханалар», - деп айтты Е.Оразалин.
Айта кетейік, 2019 жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің тапсырмасымен халықтың қоршаған ортасының жай-күйі туралы экологиялық ақпаратқа ашық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның жер үсті суларының сапасы бойынша http://apps.kazhydromet.kz:3838/app_dem_water_visual/ интерактивті картасы әзірленді, онда Қазақстанның су объектілерінің әрбір тұстамасы (нүктесі) қандай сапа класына жататынын және қандай көрсеткіштер бойынша нормативтерден асып кететіні байқалатынын білуге болады.
Бүкіләлемдік суға мониторинг жүргізу күні 2003 жылдан бастап жыл сайын 18 қыркүйекте аталып өтеді. Экологиялық мереке адамдардың өздері тұратын жердегі, ғаламшардағы су ресурстары проблемасы туралы хабардар болып отыруына, оларды табиғатты ластанудан сақтау шараларына жұмылдыруға бағытталған.