Түркістан облысындағы Метеорологиялық станцияның аты Қожахметов Пайызхан Жолмендіұлының құрметіне ауыстырылды
2020 жылдың қыркүйек айында «Қазгидромет» РМК басшылығының шешімімен Түркістан облысындағы метеорологиялық станцияға ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, доцент Қожахметов Пайызхан Жолмендіұлының есімі берілді.
Пайызхан Жолмендіұлы 1956 жылы 17 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1978 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін география факультеті, «Метеорология» мамандығы бойынша бітірген. 1987 жылы Ленинград қаласында А.И. Воейкова атындағы Бас геофизикалық обсерваторияның аспирантурасын бітірді және «Метеорология, климатология және агрометеорология» мамандығы бойынша «Қазақстанның тау бөктеріндегі және таулы аудандарының жел энергетикалық ресурстары» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 1996 жылы ғылыми-педагогикалық жетістіктері үшін оған «География» мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы берілді. Оның ғылыми еңбектерінің тізімінде 60-тан астам атаулар, ұлттық және халықаралық конференциялардағы көптеген баяндамалар бар. Ол Қазақстан Республикасының Ұлттық Атласындағы көптеген климаттық карталардың авторы.
1993 жылдан бастап Пайызхан Жолмендіұлы Қазақстандағы климаттың өзгеруін бағалау бойынша жұмыстарға қатысып, гидрометеорологиялық желі мен Қазақстанның метеорологиялық ғылымы мен білімінің дамуына үлкен үлес қосты.