Осы жылы қыркүйектің басы жаздың нағыз жалғасы болды, республиканың басым бөлігінде жаздағыдай ыстық ауа райы ел тұрғындарын қуантты, барлық аймақтарда термометр бағаны +27+33°С белгісіне жетті, ал еліміздің батысында ауа +39°С дейін жылынды. Осы күндері климаттық нормадан 7-9°С жылы болды. 3 қыркүйектен бастап еліміздің солтүстік-батыс жартысында, содан кейін қалған аумағында ауа температурасы 10-19°С төмендеді, күрт салқындаудың себебі Скандинавия аудандарынан келген суық антициклон болды. Бірінші және үшінші онкүндіктердің соңында Қазақстанның солтүстік-шығыс жартысының жекелеген аудандарында және орталығында түнгі сағаттарда 1-4°С дейін үсік байқалды, ал Іле Алатауының таулы аудандарында болжамға сәйкес 3-6°С дейін үсік жүрді. «Мизам шуақтың» жылы күзгі күндері Қазақстанның басым бөлігінде айдың ортасында, ал Қазақстанның батысында қыркүйектің үшінші онкүндігінде оралды.
2020 жылдың қыркүйегінде, болжанғандай, Қазақстанның солтүстік жартысында, шығысында және батысында жауын-шашынға бай ауа райы болды, бір айда нормадан 1,3-3,6 есе асып түсті. Мысалы, 16 қыркүйекте Баренц теңізі аудандарынан Қостанай облысына жылжыған белсенді циклон қатты жаңбырдың жаууына себеп болды. Қостанай қаласының метеостанциясында 27 мм тіркелді, бір айдағы норма 25 мм. 19 қыркүйекте Солтүстік циклонның әсерімен және атмосфералық фронттардың шиеленісуімен Атырау метеостанциясында екі айлық нормадан астам - 20 мм (норма 8 мм) түсті, Орал метеостанциясында тәулік ішінде бір айдағы норма - 28 мм (норма 27 мм) түсті. 23 қыркүйекте Кар теңізі аудандарынан терең циклонмен Нұр-Сұлтан метеостанциясында жаңбыр жауды, айлық норманың жартысынан көп 13 мм (бір айдағы норма 22 мм) түсті. Павлодарда сол циклонмен келесі күні қатты жаңбыр жауды, 16 мм түсті, бір айдағы норма 21 мм.