2020 жылдың қарашасын республиканың көптеген өңірлерінде қыстың басы деп санауға болады. Алайда, айдың бірінші онкүндігінде республиканың басым бөлігінде ауа райы аномальды жылы болды (климаттық нормадан 1-6°С жоғары). Елдің батысында ауа температурасы күндіз +15+22°С, солтүстікте, орталықта және шығыста +10+16°С, оңтүстікте +18+25°С жетті. Мұндай аномальды жылу Парсы шығанағы аудандарынан жылы ауа массаларының шығуымен байланысты болды.
09-13 қараша аралығында атмосфералық фронттардың өтуімен солтүстікте қар жауды, еліміздің оңтүстігінде жаңбыр, кей жерлерде қатты жаңбыр жауды, жел 15-26 м/с күшейіп, солтүстік өңірлерде бұрқасын болды. Мысалы, 11-12 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында қар жауды, 2 тәулік ішінде 16 мм (бір айдағы норма 28 мм) түскен, ал Шымкент қаласында 09 қарашада 19 мм жаңбыр, 12 қарашада жауын-шашын (көбінесе қар) - 24 мм (норма 69 мм) түскен.
«Нағыз қыс» қараша айының ортасында келді, арктикалық суық ауа массаларының енуімен және Сібір антициклонының күшеюімен Қазақстанның барлық аумағында күннің айтарлықтай салқындауы байқалды. 17-22 қараша аралығында термометр бағаны шекті мәндерге дейін төмендеді: батыста - 12-16°С дейін, солтүстікте, орталықта және шығыста- 20-24°С дейін, оңтүстікте -12-21°С дейін. Оңтүстік аймақтардағы аномалия рекордтық мәнге ие болды (нормадан 10-19°C төмен). Айдың соңында антициклонның орталығы елден тыс жерлерге жылжыды, сондықтан республиканың көптеген бөлігінде аяздың бәсеңдеуі байқалды.
Фронтальды бөліктердің өтуімен солтүстік өңірлерде тағы бұрқасынмен қар жауды (Нұр-Сұлтан қ. 29 қарашада 10 мм түсті), елдің басым бөлігінде жел 15-20 м/с күшейіп, екпіні 28 м/с дейін жетті. Қарашаның соңында Қазақстан аумағына, республиканың батыс өңірлерін қоспағанда, аязды ауа райы оралды. Елдің солтүстік жартысында ауа температурасы түнде -15-23°С, оңтүстігінде - 8-16°С дейін төмендеді.
2020 жылғы 18 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында ең төменгі ауа температурасы -20.9°С тіркелді (2016 жылғы 18 қарашадағы ең төменгі шекте -28,1°С). Ең жоғары ауа температурасы 06 қарашада +10.1°С (2006 жылы осы күннің ең жоғарғы шегі +14,8°С) байқалды.