Көктемгі ағынның күтілетін көлемі туралы алдын ала консультативтік гидрологиялық болжам 2021 жылғы 01 ақпандағы жағдай бойынша гидрометеорологиялық бақылау және өлшеу деректері бойынша әзірленді. Көктемгі кезеңге арналған негізгі гидрологиялық болжам 2021 жылғы наурызда әзірленеді және апта сайынғы негізде ұсынылатын болады.
Өзен бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі орташа көпжылдық мәндерден Қарағанды облысында 14-49%-ға, Ақмола облысында 19-46%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында 10%-ға, Қостанай облысында 9-52%-ға (орташа көпжылдық мәндерден 17%-ға жоғары Тоғызақ өзенінен басқа), Ақтөбе облысында 28-64%-ға, Атырау облысында Ембі өзені бассейнінде 78%-ға төмен. Батыс Қазақстан облысында Утва, Шежін-2, Өлеңті және Шідерті өзендерінің бассейндері орташа көпжылдық мәндер шамасында. Деркөл және Шаған өзендерінің бассейндерінде орташа көпжылдық мәннен 13-16%-ға төмен.
Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасы аймағының өзен бассейндерінде, Шүлбі су қоймасының ағыны, Тарбағатай жотасының оңтүстік-батыс беткейлерінде орташа көпжылдық мәннен 26-49%-ға төмен. Ертіс ө. сол жағалау салаларында орташа көпжылдық мәндер шамасында.
Жамбыл және Түркістан облыстарының тауларында орташа көпжылдық мәндерден 40-82%-ға төмен.
Алматы облысының тауларында орташа көпжылдық мәндерден 25-56% - ға төмен.
Өзен бассейндерінде қар жиналу процесі ақпан және наурыз айларында жалғасады.
Ақпан айында жоғары температуралық фон мен қатты жаңбыр жауған жағдайда, Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығысының таулы өзендері бойынша еріген қар мен жаңбыр суы өтуі мүмкін.
Толық консультативтік гидрологиялық болжаммен https://www.kazhydromet.kz/ru/gidrologiya/gidrologicheskiy-prognoz сілтемесі бойынша өтіп, «Қазгидромет» РМК ресми сайтында танысуға болады.