Қазалы қаласындағы метеорологиялық бақылау 1848 жылы ұйымдастырылған. Метеорологиялық станциядағы бақылау үзілістермен жүргізілді. 1848 жылдан 1858 жылға дейін, 1862 жылдан 1866 жылға дейін және 1869 жылдан 1875 жылға дейін. 1881 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін мұндағы бақылау үзіліссіз жүргізіліп келеді. Станция өзінің тарихында алты рет ауыстырылды. 1881, 1884, 1886, 1896, 1924 жылдары, соңғы ауыстыру 1949 жылы болды.
Бастапқыда станция Форт I-ші (Қазалы) деп аталды. Кейіннен, шамамен 1881 жылы метеорологиялық станция Қазалы деген атауға ие болды. Қолданыстағы классификацияға сәйкес, метеостанция II санат бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Третьяков жауын-шашын өлшеуіші 1953 жылы, ал ауыр тақтасы бар флюгер 1958 жылдың сәуірінде орнатылды.
Қазалы метеорологиялық станциясы алғашында Түркістан әскери округі әскери-топографиялық бөлімінің қарамағында болды және онда әскери қызметшілер қызмет көрсетті. Алайда метеоалаңның орналасқан жері туралы мәлімет сақталмаған.
1881 жылы станция қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан 3 сыныптық қалалық училищенің ауласында болды. 1884 жылы, қаланың солтүстік-батыс шетінде, Сырдария өзенінен солтүстікке қарай 340 м жерде орналасты. Соңғы ауыстыру 1949 жылдың 21 мамырына тұспа-тұс келді, ол кезде станция шығыс-оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 км, қаланың оңтүстік шетіне ауыстырылды.
Қазалы қаласы Сырдария шөлді аңғарының жазық-сазды шөлінде орналасқан. Теңіз мен шығанақтың, сондай-ақ үлкен атырауды құрайтын көптеген тармақтары мен ескі арналары бар үлкен Сырдария өзенінің жақындығы жерасты сулары деңгейінің едәуір мөлшерде көтерілуіне және ауытқуына әсер етеді. Көктемде, су тасқыны кезінде өзен көп жағдайда осы маңның үлкен аумағын толтырады және төмен жерлерде су ұзақ уақыт бойы тоқтап қалады. Бұл қаладан батысқа және оңтүстікке қарай, яғни өзен атырауының көп кеңістігінің батпақтануын туғызады.
Қазалы қаласынан батысқа қарай 60-65 км жерде Арал теңізі, ал оңтүстікке қарай 12 км жерде – Сырдария өзенінің оң жағалауындағы ойпатты жазықта Бозкөл шығанағы орналасқан. Жерасты сулары 1 м тереңдікте жатыр.
Қызылорда облысында 14 метеорологиялық станция жұмыс істейді, олардың ішінде ғасырлық бақылау тарихы бар 3 станция бар: Қазалыға – 173 жыл, Арал теңізіне – 137 жыл және Жосалыға – 107 жыл.