Сырдария өзені сапасының трансшекаралық мониторингі бойынша ынтымақтастық

IconЖарияланды 12.05.2021

2018 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Келісім шеңберінде қоршаған ортаны қорғау және Сырдария өзені бассейніндегі судың сапасы мәселелері жөніндегі Қазақстан-Өзбекстан бірлескен жұмыс тобы (комиссиясы) құрылды.

Комиссияның міндеті Сырдария өзені бассейнінің жерүсті суы сапасының 28 көрсеткіші бойынша, оның ішінде пестицидтердің шоғырлануы туралы ақпаратпен тұрақты алмасу арқылы трансшекаралық мониторингті жүзеге асыру болып табылады.

Су сынамаларын алу жыл сайын жылдың 4 маусымында (наурыз, шілде, қыркүйек, желтоқсан) әрбір тараптан 2 нүктеде жүргізілетіні келісілді.

Өткен кезеңде тараптар су ресурстарының сапасын бақылауды жүзеге асыратын бейінді зертханалардың қызметімен танысу мақсатында бір-біріне барып, өлшемдерді орындау үшін пайдаланылатын әдістемелердің тізбесін, ақпарат алмасудың кезеңділігі мен рәсімдерін айқындады.

Қазіргі уақытта Сырдария өзені суының сапасына 6 келісілген іріктеу мен талдау жүргізілді.

Сырдария өзенінің трансшекаралық гидрологиялық мониторингі

«Қазгидромет» РМК мен Өзбекстан Республикасының гидрометеорологиялық қызмет орталығы арасында «Гидрометеорологиялық ақпаратпен және ғылыми-зерттеу қызметімен алмасу саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы» іске қосылған, оның шеңберінде гидрологиялық бақылаулар жүзеге асырылады және Сырдария өзені суының деңгейі мен шығыны бойынша күн сайын ақпарат алмасу жүргізіледі.

Қазақстан бұл жұмысты 07.05.1976 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, Келес өзені сағасының жоғары жағында орналасқан Көкбұлақ ауылындағы Сырдария өзенінің гидрологиялық бекетінде жүргізуде.

Гидрологиялық бекет учаскесінде Сырдария өзенінің ортасымен мемлекеттік шекара өтеді. Оң жағалау Қазақстан Республикасының аумағында, сол жағалау Өзбекстан Республикасының аумағында орналасқан.

Қазақстан мен Өзбекстан трансшекаралық гидрологиялық мониторинг және Сырдария өзенінің жерүсті суы сапасының мониторингі бойынша барлық жұмысты өзара түсіністік негізінде жүргізеді, келіспеушіліктер мен нәтижелердің әртүрлі айтылуы байқалмайды.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз