Қазақстандағы жылыну: соңғы 50 жыл не көрсетті?

Icon Жарияланды 30.09.2026
Қазақстандағы жылыну: соңғы 50 жыл не көрсетті?

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) деректеріне сүйенсек, 1980-жылдардан бастап әрбір кейінгі онжылдық 1850 жылдан бергі бақылаулар тарихындағы кез келген алдыңғы онжылдыққа қарағанда жылырақ болып тіркелді. 2006–2025 жылдар аралығындағы жиырма жылдық планета тарихындағы ең жылы кезең ретінде бағаланды, ал жаһандық деңгейдегі ең жылы 10 жылдың барлығы XXI ғасырға тиесілі.


Климаттың жылыну қарқыны жер шары бойынша біркелкі емес: кейбір өңірлерде, әсіресе орташа және жоғары ендіктерде, температураның өсуі әлдеқайда қарқынды жүруде. 1976–2025 жылдар аралығында Қазақстан аумағы бойынша орташа жылдық ауа температурасының өсу қарқыны әр 10 жыл сайын орта есеппен +0,40 °C құрады. Бұл жаһандық орташа жылыну қарқынынан (~+0,18–0,20 °C/10 жыл) шамамен екі есе жоғары. 2025 жыл Қазақстанда 1941 жылдан бергі бақылау тарихындағы ең жылы жыл болып тіркелді. Орташа жылдық ауа температурасының аномалиясы 1961–1990 жылдардағы климаттық нормаға қатысты +2,96 °C құрады.


Қазақстан Еуразия континентінің орталығында, әлемдік мұхиттардан алыс орналасқандықтан, климаты шұғыл континенталды. Мұхиттардың климатты реттеуші әсерінің әлсіз болуы және құрлықтық ерекшеліктер ел аумағындағы жылынудың айқын көрінуіне ықпал етеді. Қазақстанда жылыну қарқыны өңірлер мен маусымдар бойынша әркелкі: жылдық температура тренді Қарағанды облысында шамамен +0,29 °C/10 жыл болса, Батыс Қазақстан облысында +0,59 °C/10 жылға дейін жетеді, ал ең жоғары қарқын көктем мезгілінде байқалады – шамамен +0,70 °C/10 жыл.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз