Қазақстан аумағындағы 2025 жылғы желтоқсан айының климаттық ерекшеліктері

Icon Жарияланды 21.01.2026

«Қазгидромет» РМК мамандарының деректеріне сәйкес, 2025 жылғы желтоқсан айында Қазақстан аумағында байқалған ауа райы жағдайлары нәтижесінде 1978 жылдан бері, яғни 47 жыл бойы сақталып келген бірқатар температуралық рекордтар жаңартылды.

Жалпы алғанда, желтоқсан айындағы ауа райы тұрақсыз сипатта болды: аяздар жылымық кезеңдермен алмасып, ауа температурасының күрт ауытқуы және атмосфералық жауын-шашынның біркелкі түспеуі байқалды. Айдың басында елдің басым бөлігінде қараша айына тән салыстырмалы түрде жылы ауа райы сақталды. Ауа райының қалыптасуы белсенді циклоникалық әрекет әсерінен жүріп, қар және жаңбыр түріндегі жауын-шашынмен қатар, жекелеген өңірлерде боран, тұман және желдің күшеюі байқалды.

Ай барысында бірқатар өңірлерде жауын-шашын мөлшері айлық нормаға жуық немесе одан асып түсті. Атап айтқанда, 9 желтоқсанда Павлодар облысындағы Жолболды метеостанциясында айлық норма 15 мм болғанда 14 мм жауын-шашын түсті, 10 желтоқсанда Алматы облысындағы Нарынқол метеостанциясында 13 мм жауын-шашын түсіп, айлық нормаға тең болды, ал 11 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Сам метеостанциясында норма 10 мм болғанда 20 мм жауын-шашын тіркелді.

Сонымен қатар, елдің жекелеген өңірлерінде ауа температурасының жоғары, кей жерлерде рекордтық мәндері байқалды. Мәселен, 1 желтоқсанда Қостанай және Петропавл метеостанцияларында бұрынғы температуралық максимумдар жаңартылды. 2–4 желтоқсан аралығында Жезқазған метеостанциясында тәуліктік ең жоғары ауа температурасының рекордтары тіркелді.

8–12 желтоқсан аралығында Жаңа Жер аралдары аудандарынан ығысқан солтүстік антициклонның ықпалымен Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа температурасы 0…–5°С-тан –18…–26°С-қа дейін күрт төмендеп, қыстық сипаттағы ауа райы орнықты.

Айдың екінші жартысында жекелеген күндері Азия аумақтарынан жылы ауа массаларының енуі байқалып, бұл ауа температурасының қайтадан жоғарылауына және жаңа температуралық рекордтардың орнауына әкелді. Әсіресе айдың соңында, 29–31 желтоқсан күндері Түркістан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана және Жезқазған қалаларында рекордтық мәндер тіркелді.

Жалпы алғанда, желтоқсан айында республика аумағының басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1–4°С-қа жоғары болды. Жауын-шашын мөлшері көптеген өңірлерде нормадан 1,3–6 есе артық түсті, ал елдің жекелеген аудандарында жауын-шашын шамамен норма деңгейінде немесе одан аз болды.

Астана қаласында желтоқсан айындағы орташа айлық ауа температурасы –8°С-ты құрап, климаттық нормадан 4°С-қа жоғары болды. Ауа температурасының ең жоғары мәні (+2,8°С) 30 желтоқсанда, ең төменгі мәні (–23,6°С) 27 желтоқсанда тіркелді. Ай ішінде 49 мм жауын-шашын түсіп, бұл айлық нормадан шамамен екі есе артық.

«Қазгидромет» РМК Қазақстан Республикасының аумағындағы климаттық өзгерістерге тұрақты мониторинг жүргізуді, сондай-ақ ауа райы жағдайларының сипаты мен үрдістері туралы халықты және мемлекеттік органдарды уақтылы хабардар етуді жалғастырады.

 

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз