Гидрометорталық «Қазгидромет» РМК-ның негізгі өндірістік құрылымдық бөлімшесі болып табылады, оның маңызды міндеті қауіпті және дүлей гидрометеорологиялық құбылыстарды барынша алдын ала болжау, адамдардың қаза болуын болдырмау және экономикалық залалды азайту мақсатында мемлекеттік органдарды, экономика салаларын және еліміздің халқын осы құбылыстар туралы ескерту, Қазақстан бойынша қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді ауа райы болжамдарын жасау болып табылады.
Гидрометорталықты директор басқарады.
Гидрометорталықтың құрылымына үш басқарма кіреді:
- Ауа райын қысқа мерзімге болжау басқармасы;
- Ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасы;
- Орталық диспетчерлік қызмет.
Ауа райын қысқа мерзімге болжау басқармасы 24/7 тәулік бойы, жедел режимде жұмыс істейді. Әр түрлі мерзімге ауа райы болжамдарын, қауіпті, дүлей метеорологиялық құбылыстар, ауа райының күрт өзгерістері туралы дауылды ескертулерді шығарады, олар «Қазгидромет» РМК басшылық құжаттарына сәйкес күн сайын бағаланады.
Қазіргі уақытта Басқарма келесі болжамдарды шығарады:
- 1, 2-3 тәулікке қысқа мерзімді ауа райы болжамы;
- 7 күнге орта мерзімді ауа райы болжамы;
- қауіпті құбылыстар, апатты метеорологиялық құбылыстар және ауа райының күрт өзгеруі туралы дауылды ескерту;
- күн сайынғы метеорологиялық бюллетень.
Ауа райының қысқа мерзімді және орта мерзімді болжамдарын, дауылды ескертулерді жасау кезінде АҚББ синоптикалық ауа райы карталарын, Еуропалық орталықтың, Қытай метеорологиялық агенттігінің жерсеріктік суреттерін және Росгидрометтің «Планета» ҒЗО, WRF мезомасштабтық сандық моделін, орта мерзімді ауа райы болжамдарының Еуропалық орталығының жаһандық сандық моделін пайдаланады.
Ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасы ұзақ мерзімді ауа райы болжамдарын шығарады, олар жыл-аналог әдісіне, 13 әлемдік болжау орталықтарының сандық гидродинамикалық модельдеріне, Өңірлік Солтүстік-Еуразиялық климаттық орталықтың, Бас Геофизикалық обсерваторияның және Ресейдің Гидрометорталығының гидродинамикалық модельдерінің өнімдеріне негізделеді.
Басқарма келесі болжамдарды шығарады:
- онкүндік
- айлық
- мезгілдік – жылы жарты жылдыққа арналған (сәуір - қазан); суық жарты жылдыққа арналған (қараша - наурыз)
Орталық диспетчерлік қызметтің негізгі міндеті мемлекеттік органдар мен мекемелерді, бұқаралық ақпарат құралдарын және мүдделі ұйымдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халқын қауіпті ауа райы құбылыстары, нақты ауа райы және ауа райы болжамы туралы ақпаратпен жедел қамтамасыз ету болып табылады.